Ақтөбеде өткен кеңейтілген отырыста білім ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Ақтөбеде өткен кеңейтілген отырыста білім ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 наурызда Ақтөбе қаласында өткен білім басқармасы жанындағы алқа жиынының кеңейтілгенотырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік, балаларға қатысты жасалған және олар жасаған құқық бұзушылықтар мәселелеріне ерекше ден қойылды.

Іс-шара №80 жалпы білім беретін орта мектепте өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, білім саласының және БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, педагогтер мен ата-аналар қатысты. Отырыс барысында Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жұмыстары туралы баяндады.

Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты және олармен жасалған құқық бұзушылық сипаты мен статистикасы, мектептер мен колледждердегі бопсалау, буллинг мәселелері, өңірде кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуының нақты мысалдары, балалардың үйден кетуі, ата-ана жауапкершілігі сынды өзекті мәселелер қозғалды.

Сонымен қатар, кеңейтілген басқосуда білім ұйымдарында қауіпсіздікті күшейту үшін бейнекамералармен жабдықтау, күзетін нығайту, заңды талаптарға сәйкестендіру мәселелері декеңінен сөз болып, талқыланды.

Қатысушылар полиция өкіліне мектептердегі буллинг, күзет мәселелеріне, мектеп инспекторының жұмысына қатысты ұсыныстары мен сұрақтарын қойып, бірге талқылады. Іс-шара қорытындысында құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігі атап өтілді.
