Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде "Пиротехника" іс-шарасы жүргізіліп жатыр

Ақтөбеде "Пиротехника" іс-шарасы жүргізіліп жатыр - деп хабарлайды Polisia.kz.

Республика аумағында 5 желтоқсанда бастау алған "Пиротехника" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ақтөбелік полицейлер пиротехникалық өнімдерді өткізу және пайдалану тәртібін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Іс-шараға 300-ге жуық полиция қызметкері тартылып, 40 мобильдік топ құрылды. Топ мүшелері пиротехникалық өнімдер сатылатын сауда нүктелерін аралап, азаматтарға аталған өнімдерді сатып алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау және әкелу қағидаларын түсіндіруде. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға пиротехника сатуға тыйым салынатыны да ескертіледі.

Пиротехникалық бұйымдарды сатумен айналысатын орындардың лицензиясының және өнімнің сапасын растайтын сертификаттарының болуы ерекше назарда ұсталады.

Сонымен бірге полицейлер әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, пиротехниканы қолданудың қауіпсіздік талаптары мен жауапкершілік шаралары бар екенін еске салады.

- Арнайы белгіленбеген орындарда пиротехникалық өнімдерді қолдануға жол берілмейді. Түнгі уақытта және тұрғындар тыныштығына нұқсан келтіретін жерлерде салют, отшашу және өзге де пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынады. Пиротехниканы пайдалану қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді. Қауіптің алдын алу үшін тек сертификатталған өнімді және лицензиясы бар сауда нүктелерінен сатып алу маңызды, – деді Ақтөбе облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Әлем Көптілеуов.

Айта кетейік, елімізде "Пиротехника" жедел профилактикалық іс-шарасы 3 қаңтарға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру