Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер әйелдің өмірін сақтап қалды

Ақтөбеде патрульдік полиция батальонының инспекторлары өзіне қол жұмсамақ болған әйелдің өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

14 қазан күні полицияға ер адамнан үрейлі хабарлама келіп түсті. Ол жұбайының қоштасу хатын жазып, өз-өзіне қол салмақ болғанын айтып, көмек сұраған. Хабарды алған сәтте ол жұмыста жүрген, алайда жұбайының соңғы хабарламасын оқыған соң қатты уайымдап, дереу полицияға жүгінген.

Шұғыл шақырту алған патрульдік полиция батальонының инспекторлары – Темірбек Сәбит пен Танбай Орынбасарұлы бірнеше минут ішінде оқиға орнына жетті. Олар жағдайды тез бағалап, әйелдің өмірін құтқару үшін батыл шешім қабылдады.

Полицейлер аулада орналасқан көше дәретханасында асылмақ болған әйелді байқап, бір сәт те кідірместен әрекет етті. Инспекторлар оны арқаннан босатып, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Дер кезінде жасалған шешім мен кәсіби шеберліктің арқасында әйел аман қалды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Белгілі болғандай, ол – төрт баланың анасы.

- Полиция қызметкерінің ең басты міндеті – адам өмірін сақтау. Біз күн сайын түрлі жағдайларға тап боламыз, бірақ ең маңыздысы – дер кезінде көмек көрсету, — дейді Темірбек Сәбит.

Бұл оқиға полиция қызметінің тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмейтінін, ең қиын сәтте де адамға үміт пен қолдау көрсете алатынын айқын дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру