Ақтөбеде полицейлер акция өткізді
15 қараша – Дүниежүзілік жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлемде жыл сайын жол апаты салдарынан миллионнан астам адам көз жұмады. Апаттар бес пен 29 жас аралығындағы жастардың өлімінің негізгі себебі болып табылады.
2005 жылы бүкіл әлемде жол апатынан қайтыс болған немесе жарақат алған адамдардың саны артып келе жатқанына алаңдаушылық білдіре отырып, Бас Ассамблея қарар қабылдап, қарашаның үшінші жексенбісін Дүниежүзілік жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні деп жариялады.
Еске алу күнінің негізгі мақсаты – жолдарда қаза болу проблемасына назар аударту, ауыр шығынға ұшыраған отбасыларға жанашырлық таныту.
15 қараша күні Ақтөбе қаласында сағат 15:00-ден 16:00-ге дейін полицейлер акция өткізді, онда қоғамдық белсенділермен бірге автотізбек патрульдік автокөлігінің сүйемелдеуімен жүргізушілерді жолдардағы өз әрекеттері туралы ой салу мақсатында эвакуаторда сынған автокөлікті алып жүреді.
– Жол қозғалысына қатысушылардың ең қауіпті санаттарының бірі, әрине, масаң күйде рөлге отыруға мүмкіндік берген автокөлік жүргізушілері болып табылады. Олар өздерінің де, айналасындағылардың да қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Қоғамның назарын осы мәселеге жиі аудартып, арнайы насихат іс – шараларын өткізу маңызды, – деп атап өтті Ақтөбе облысы ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.
Жыл басынан бері облыстың автожолдарында 472 ЖКО-да 75 адам қаза тауып, 634 адам жарақат алды. Әр санның артында қиын тағдырлар, анасынан, әкесінен, баласынан айырылған отбасылардың қайғы қасіреттері бар.
Құрметті жүргізушілер және жол қозғалысының басқа да қатысушылары, велосипед жүргізушілері, жаяу жүргіншілер, мотоциклистер!
Сізден автожолдарда талап етілетін жалғыз нәрсе – бұл жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау.
Сақ болыңыздар, өзара сыпайы болыңыздар, соның арқасында ғана әрқайсыңыз отбасыларыңызға аман-есен ораласыздар.