Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер бұрын сотталған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуде

Ақтөбеде полицейлер бұрын сотталған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

6 қазан - 6 қараша аралығында Ақтөбе облысында "Жаңа жол" атты акция өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға қоғамға бейімделуге жәрдемдесу.

Акция аясында учаскелік полиция инспекторлары өз әкімшілік учаскелерінде есепте тұрған, бұрын сотталған азаматтармен тікелей жұмыс жүргізуде. Олар бұл адамдардың қоғамға оралуына жан-жақты көмек көрсетіп, әлеуметтік бейімделуіне ықпал етуде. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлар бұрын сотталған тұлғаларға құжаттарын қалпына келтіру, халықты жұмыспен қамту орталықтарына тіркеу, оқыту және жұмысқа орналасуға бағыттау бойынша тікелей қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, субсидиялар мен медициналық көмек алу бойынша кеңес алуға жағдай жасайды. Қажет болған жағдайда, отбасылық байланыстарын қалпына келтіруге, тұрғын үй мәселелерін шешуге, психолог немесе дағдарыс орталықтарына жолдауға да көмектеседі. Бұл жұмыстарға ең алдымен тұрғылықты жері, тұрақты жұмысы, әлеуметтік байланыстары мен жақындарының қолдауы жоқ, яғни қайта қылмыс жасауға бейім азаматтар тартылуда.

Басты мақсатымыз – қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсеткендей, тұрақты табыс көзі, мекенжайы және әлеуметтік байланысы жоқ азаматтардың қайта қылмыс жасау қаупі жоғары. Оларды қоғамға бейімдеуге көмектесу – құқықтық тәртіпті нығайтып, рецидив деңгейін төмендетудің тиімді жолы, – дейді Ақтөбе облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлыбек Сүйінтаев.

Акция басталғалы бері өңірде учаскелік инспекторлар есепте тұрған 28 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру