Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер Халықаралық қарттар күні қарсаңында ардагерге құрмет көрсетті

Ақтөбеде полиция қызметкерлері 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында  72 жастағы ішкі істер органдарының ардагері Жанбірлес Дүйсенғалиевтің шаңырағына арнайы барып, ізгі ниеттерін жеткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жанбірлес Дүйсенғалиевтің еңбек жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы. Ол 1974 жылы милиционер болып қызметке кірісіп, кейін қылмыстық іздестіру, профилактика, тергеу және кезекші бөлімдерінде абыроймен еңбек етті. Қай салада жүрсе де туған жерінің тыныштығын күзетіп, ел сенімін ақтады. 2001 жылы лайықты зейнетке шыққан ол бүгінгі күні өмір жолына риза, абыройлы ардагер ретінде ел жадында.

Ардагер – өз отбасында да өнегелі тұлға. Үш перзенттің әкесі, 14 немере-жиеннің ардақты атасы. Қызы Айгүл Жанбірлесқызы әке жолын жалғап, полиция майоры атанса, немересі Еркебұлан Құлбай Ақтөбедегі Мәлкеждар Бөкенбаев атындағы заң институтының курсанты болып, болашақ офицер атануға дайындалып жүр.

Құттықтау барысында ардагерге ерекше ықылас танытылып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық пен отбасының амандығы тілектелді. Өз кезегінде ақсақал жас буынға ақ батасын беріп, қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.

Бұл игі дәстүр – ардагерлерге құрмет көрсетудің ғана емес, олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге етудің, полиция қызметінің қадір-қасиетін жас буынға ұғындырудың да жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру