Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер қоғамдық орындарды ластаушыларды жауапқа тартты

Ақтөбеде полицейлер қоғамдық орындарды ластаушыларды жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысының аумағында тәртіп сақшылары қоғамдық орындарды ластаушыларды анықтау жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл ретте, қоғамдық орындарда түкіру мен темекі немесе шемішке қалдықтарын т.б. тастаған азаматтарға тиісті шара қабыдануда.

Жыл басынан бері облыс аумағында ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты 8.000-ден астам жауапқа тартылды. Бұл ретте, қоғамдық орындарды ластау деректерінің басым көпшілігін полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен анықтады.

Мысалы, қала тұрғыны бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, сауда үйінің жанында тұрған кезде жерге темекі тұқылын тастаған. Құқық бұзушылық туралы ақпарат бейнебақылау камералары арқылы автоматты түрде жақын маңдағы полиция нарядына жеткізілді.

Полиция қызметкерлері заңға сәйкес шара қолданып, әкімшілік соттың шешімімен ер адам 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.

– Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемді шынымен өзгерткіміз келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен бастау керек екенін атап көрсетіп, отбасында береке болуды ойлауға, айналаны ретке келтіруге, қоғамдық орында әдеп сақтауға шақырды. Бүгінде полиция қызметкерлері қабылданып жатқан бұл шаралар қоғамда ұсақ бұзушылықтарға жол бермеу мен мойынсұнбауға бағытталған маңызды қадам. Себебі қоршаған ортаны сыйламау мен мәдениетсіздік танытушылық үшін жазасыздықты сезіну – қоғамдық санаға кері әсер етіп, одан да үлкен құқық бұзушылықтарға әкелуі мүмкін, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру