Ақтөбеде полицейлер шетелдік студенттердің құқықтық сауатын арттыру бойынша дәріс өткізді
Ақтөбеде полицейлер шетелдік студенттердің құқықтық сауатын арттыру бойынша дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Марат Оспанов атындағы медициналық университетте білім алып жатқан шетелдік студенттермен кездесу өткізді.
Дәріс барысында студенттерге Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі, көші-қон заңнамасының негізгі талаптары, уақытша тіркеу, оқу мерзіміне байланысты құжаттарды рәсімдеу және олардың мерзімін уақтылы ұзарту қажеттігі түсіндірілді.
Ақтөбе қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің инспекторы Дельман Асылхан ағылшын тілінде сөз сөйлеп, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілікке назар аударды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері студенттермен жеке қауіпсіздік, қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениеті, тұрғын үй қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезіндегі сақтық шаралары және алаяқтықтың ең кең таралған түрлері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жеке деректерді қорғау және киберқауіптердің алдын алу жолдары айтылды. Кездесу соңында полиция қызметкерлері кез келген жағдайда шетелдік студенттер құқық қорғау органдарына жүгініп, өздеріне ыңғайлы тілде көмек ала алатынын жеткізді.
