Ақтөбеде полицейлер синтетикалық есірткі жеткізу арнасын жойды
Ақтөбеде полицейлер синтетикалық есірткі жеткізу арнасын жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне жалдамалы пәтерлердің бірінде екі ақтөбеліктің синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын сақтайтыны туралы жедел ақпарат түсті.
Жедел ақпаратты тексеру кезінде 19 және 27 жастағы екі күдікті ұсталды. Жалдамалы пәтерде тінту кезінде полицейлер ұнтақ зат салынған 50 орама тәркіледі. Сараптама көрсеткендей, тәркіленген зат жалпы салмағы 37 грамнан асатын мефедрон болып шықты. Бұл 7 млн теңгеден астам сомаға сай келетін 350 бірреттік дозаны құрайды.
Есірткі заттарымен заңсыз жұмыс істеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы баптың санкциясы жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.