Ақтөбеде полицейлер ұры-рецидивисттен 15 телефон тәркіледі
Ақтөбеде полицейлер ұры-рецидивисттен 15 телефон тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері күдіктіні Ақтөбе қаласындағы саяжай алаптарының біріне заңсыз кіріп, ұрлық жасамақ болған жерінен ұстады.
Ер адам үйдің терезесін итеріп ашу арқылы кірген. Осы кезде саяжайға келген үй иесі ашық тұрған терезені көріп, дереу полицияға хабарласқан. Шақыртуға жақын маңдағы саяжай алаптарын патрульдегі полиция жасақтары жылдам жетіп, жасырынбақ болған күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Зейнеткердің үйіне ұрлыққа түскен азаматты тінту барысында одан 15 телефон мен телефонға арналған аксессуарлар (телефон қабы, қуаттау құрылғылары т.б.) тәркіленді.
Тергеп-тексеру барысында бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған 33 жастағы облыс тұрғыны телефондарды басқа да саяжайлардан ұрлап, сатпақ болғанын мойындады. Айта кетейік, саяжай алабы су басқан аймақтардан емес.
Қазіргі таңда ұрланған заттардың иесін анықтау мен тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.