Ақтөбеде полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтады
Ақтөбеде полицейлер жол ережесін қасақана бұзған жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында Ақтөбе қаласының патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзған жүргізушіні анықтады. Шетелдік есепте тұрған Toyota автокөлігінің иесі екі айдың ішінде жол ережесін 131 рет бұзған. Анықталған құқық бұзушылықтар үшін салынған жалпы айыппұл сомасы шамамен 3,5 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта көлік айыптұраққа қойылды.
Жүргізуші жасаған бұзушылықтар қатарында жылдамдықты арттыру, жол қозғалысының өзге қатысушыларына қауіп төндіретін дұрыс емес маневрлер секілді өрескел әрекеттер бар. Бұзушылықтардың жиілігі мен сипаты бұл жүргізушінің әрекеті ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Әрбір ереже бұзушылық — адам өміріне төнетін нақты қауіп.
Полиция департаменті барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жолда барынша мұқият болуды және қауіпсіздік — әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін еске салады.