Ақтөбеде полицейлерге жаңа қызметтік автокөліктер мен пәтер кілттері табысталды
Ақтөбеде полицейлерге жаңа қызметтік автокөліктер мен пәтер кілттері табысталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай және “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын қолдау мақсатында Ақтөбе қаласында салтанатты түрде жаңа қызметтік автокөліктер мен қызметтік пәтерлерге сертификаттар табысталды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауылдық учаскелік инспекторларға арналған NIVA жаңа қызметтік автокөліктердің кілттерін полиция қызметкерлеріне жеке өзі табыс етті. Сонымен қатар 25 полиция қызметкеріне қызметтік пәтерлерге сертификаттар берілді. Бұл — мемлекет тарапынан көрсетілген маңызды әлеуметтік қолдаудың бір көрінісі.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық учаскелік инспекторларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмасының үнемі назарда екенін атап өтті.
Асхат Шахаров полиция қызметінің қоғамдағы маңыздылығына тоқталып, тәртіп сақшыларының күнделікті қауіп-қатерге толы еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, “Заң мен Тәртіп” қағидаты бойынша жұмыс істейтін полицияның басты міндеті — қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, ал мемлекет бұл салаға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Осы жылы 150 дана NIVA LEGEND қызметтік автокөлік сатып алынғаны — соның айқын дәлелі.
Асхат Шахаров полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасылық амандық және қызметте табыс тіледі.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы өңір басшылығына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, полиция қызметкерлері алдағы уақытта да ел мүддесіне адал қызмет ететінін жеткізді.
Іс-шара полиция шығармашылық ұжымдары мен облыс өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.