Ақтөбеде полиция басшылығы белсенді және батыл тұрғындарды марапаттады
Ақтөбеде полиция басшылығы белсенді және батыл тұрғындарды марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 қазанда Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен адам өмірін құтқаруға үлес қосқан азаматтар Индира Үмбетова мен Аслан Бақтығалиды марапаттады.
5 қыркүйекте Ақтөбе қаласында Индира жуырда сатып алған жер үйінің ауласында құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жер астынан көлемі 20 сантиметрлік снарядқа ұқсас зат тауып, бірден учаскелік полиция инспекторын шақырған. Тексеру барысында табылған заттың зениттік құрылғы снаряды екені анықталып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
26 жастағы Аслан 25 қыркүйекте Ақтөбе қаласында үйінің терезесінен секірмек болған 40 жастағы көршісін құтқарып қалған. Түнгі сағат 23:00 шамасында 4-қабатта тұратын Аслан көмек сұраған дауысты естіп, асүйінің терезесінен шығып қарағанда, 5-қабаттың терезесінен әл-дәрмені кетіп төмен қарай салбырап тұрған әйел адамды көрген. Әр секундтың маңызын түсінген ол дереу және батыл қимылдап, асүйінің терезесінен шығып, жоғарыдағы әйелді көтеріп, пәтеріне кіргізіп алған және есінен танған әйелге дереу алғашқы көмек көрсетіп, аман алып қалған.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде азаматтық қоғамның атқаратын рөлі аса маңызды. Облыс бойынша биыл белсенді азаматтық позициясын танытып, қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамаған 68 азаматтың көмегімен 8 қылмыс, 264 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мұндай азаматтардың бар екені бізді аса қуантады. Сіздерге зор алғысымыз мен ризашылығымызды білдіреміз, – дей отырып Ардана Саймағамбетов тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті полициямен ынтымақтастықта қамтамасыз етуге шақырды.