Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полиция департаментінің бастығы тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Ақтөбеде полиция департаментінің бастығы тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

27 наурызда Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов Мұғалжар ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында полиция басшысы өз атқарған жұмыстары туралы толық ақпарат беріп, жергілікті халықтың сұрақтарына жауап берді, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен оның тиімділігін арттыру бойынша ой-пікірлерін тыңдады.

Кездесу барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды есірткі қылмыстарына тарту мәселелері ерекше назарға алынды. Бұл тақырыптар жиналғандармен қызу талқыланып, өзекті мәселелер көтерілді.

- Қазіргі уақытта есірткі таратуға жастар да тартылып жатыр. Өткен жылы есірткі таратқан 3 жасөспірім ұсталды. Бір жағдайда, ата-анасының тұрмыстық жағдайы өте төмен болғанымен, баланың соңғы үлгідегі қымбат ұялы телефон ұстап жүргеніне ешкім назар аудармаған. Өкінішке қарай, кейін анықталғандай, бұл ақшаның есірткі сату арқылы келгені болып шықты, - деді Абай Жусупов.

Полиция басшысы ата-аналарды бала тәрбиесінде жауапкершілікті арттыруға шақырып, жастар арасындағы буллинг үшін жауапкершіліктің маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар ата-аналардың әкімшілік жауапкершілігі жайында да сөз қозғалды.

Тұрғындар өз кезектерінде бұл мәселелерге бей-жай қарамайтынын білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Мұғалжар жастарын салауатты өмір салтына және спортқа тарту бағытында ауқымды шаралар мен оң нәтижелер туралы айтты. Шахматтың хас шебері - аудан ақсақалы жастарды шахматқа тегін үйретуге әрдайым дайын екенін жеткізді.

Кездесуде сондай-ақ аудан тұрғындары дүкендерде алкоголь өнімдерін сатпау, интернет алаяқтық қылмыстарында дропперлердің жазасын күшейту және жол қауіпсіздігі мәселелерін де көтеріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.

Кездесу соңында Абай Жусупов тұрғындарды жеке қабылдау өткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру