Ақтөбеде полиция дрондар арқылы профилактикалық акция өткізді
Ақтөбеде полиция дрондар арқылы профилактикалық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе қаласында полиция, прокуратура қызметкерлері және жоғары еуропалық колледждің студенттері интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы Ақтөбе тұрғындарын ерекше әрі заманауи тәсілмен ескертті.
Іс-шара аясында қала аумағының әртүрлі бөліктерінде бір мезетте 20 дрон ұшырды.
Дрондар облыс орталығының саябақтары мен скверлерінде профилактикалық ұшулар жасап, орнатылған дауыс күшейткіштер арқылы тұрғындарға алаяқтардан қорғанудың қарапайым, бірақ маңызды ережелерін еске салды.
Атап айтқанда, бейтаныс адамдармен сөйлесу барысында сақ болу, жеке деректерді, банк карталарының мәліметтері мен растау кодтарын бермеу, сондай-ақ күмәнді өтініштер бойынша ақша аудармау қажеттігі айтылды.
Аталған профилактика түрі интернет-алаяқтық мәселесінің өзектілігін ескере отырып таңдалып, азаматтардың жеке және қаржылық қауіпсіздігіне назар аударуға бағытталды.
Дрондарды пайдалану адамдар көп жиналатын орындарда тұрғындардың кең ауқымын қамтыды.
Полиция деректеріне сәйкес, жыл басынан бері Ақтөбе облысында интернет-алаяқтықтың мыңнан астам дерегі тіркелген. Осыған байланысты полиция қызметкерлері халықты ақпараттандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жаңа форматтағы профилактикалық шараларды тұрақты түрде енгізіп келеді.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, алынған ақпаратқа сын көзбен қарауға және күмәнді жағдайлар туындаған кезде 102 нөміріне дереу хабарласуға шақырады.
