Ақтөбеде полиция дрондары жүздеген заңбұзушылықты анықтады
Ақтөбеде полиция дрондары жүздеген заңбұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында 18–23 қараша аралығында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Акция аясында жол-көлік қозғалысын бақылауды күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция дрондарды белсенді қолдануда.
Ұшқышсыз аппараттар облыс трассаларында көлік қозғалысын шолып, жол ережелерінің бұзылуын бейнетіркеуге мүмкіндік береді. Әуеден түсірілген материалдар жедел түрде патрульдік жасақтарға жөнелтіліп, тәртіп бұзған жүргізушілерге заң аясында шара қолданылып отырады.
Жыл басынан бері қарсы бағытқа шығумен байланысты жол қозғалысы ережелерінің 252 өрескел бұзылуы тіркелген. Соның 108 дерегі дәл осы дрондардың көмегімен анықталған. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтарға қарсы жолаққа шығу, жылдамдықты арттыру, қауіпті маневр жасау, жол белгілерін елемеу және қауіпсіздік белдігін тақпау жатады. Дрондардан алынған жедел ақпарат полиция жұмысының тиімділігін арттырып, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
Жақында болған жағдайлардың бірінде дрон KIA көлігінің жүргізушісінің тыйым салынған жерде қарсы жолаққа шыққанын анықтаған. Бейнежазба бірден патрульдік экипажға жолданып, жүргізуші тоқтатылды. Сот шешімімен ол 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Полиция облыс тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің тәртібі мен жауапкершілігі — қауіпсіздіктің негізгі кепілі. Бір ғана қате маневр адам өміріне қауіп төндіретінін ұмытпаған жөн.
