Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полиция интернет-алаяқтарға көмектескен жігітті ұстады

Ақтөбеде полиция интернет-алаяқтарға көмектескен жігітті ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласында "Anti-fraud" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер интернет-алаяқтыққа қатысы бар азаматты ұстады.

Жас жігіт Қазақстаннан Ресейге қашып кетуге әрекеттенген сәтінде қолға түсті. Тергеу барысында ол заңсыз ақша айналымына қатысқаны үшін пайда тапқанын мойындады. Күдікті өткен жылдың соңында Telegram мессенджері арқылы қашықтан жұмысқа орналасып, алаяқтық схемаға араласқан. Оның міндеті – курьерлік қызметпен жеткізілген банктік карталар арқылы банкоматтардан ақша шешіп, оны көрсетілген шоттарға жіберіп отыру болған. Әр операциядан белгіленген пайыздық үлесін алып отырған. Тергеу материалдарына сәйкес, аударылған қаражаттың жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асады.

Қазіргі уақытта алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасынан айырылған үш жәбірленуші анықталды. Олардың барлығы – телефон арқылы жасалған алаяқтықтың құрбандары.

Ірі көлемдегі алаяқтық және оған сыбайлас болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға өз деректерін бермеуге және күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге шақырады. Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру