Ақтөбеде полиция көшпелі құқықтық көмек пункттерін ұйымдастыруда
Ақтөбеде полиция көшпелі құқықтық көмек пункттерін ұйымдастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері азаматтарға арналған ашық есік күндерін өткізіп, олардың өзекті мәселелері бойынша кең көлемде құқықтық кеңес беруде.
28 тамыз күні кезекті көшпелі қабылдауды облыстық полиция департаментінің тергеу және анықтау бөлімшелерінің, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары жүргізді.
Қоғамдық қабылдау Ақтөбе қаласының "Keruen City" сауда-ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Шара барысында тұрғындар полиция өкілдеріне түрлі мәселелер бойынша жүгінді. Көбінесе азаматтарды кибералаяқтық, тыныштықты бұзу, абаттандыру ережелерін сақтамау, тұрмыстық зорлық-зомбылық және құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жаза түрлері толғандырды.
- Шараның өтетін орны туралы тұрғындарға алдын ала хабар берілді. Бүгін бізге жүгінген азаматтардың барлығына уәкілетті қызметкерлер жан-жақты құқықтық көмек пен кеңес ұсынды. Бұл бастама тұрғындар үшін барынша қолайлы әрі қолжетімді болуды көздейді. Алдағы уақытта да мұндай кеңес беру пункттері өз жұмысын жалғастырады, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нариман Мұхтаров.