Ақтөбеде полиция қызметкерлері балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырды
1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында Ақтөбеде полиция қызметкерлері балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Мереке ашық аспан астындағы көңілді спорттық ойындармен басталды. Шараға Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектептің “Жас сақшы” сыныбы, №40 мектептің “Жас жол қозғалысы инспекторлары” және №73 мектептің өнерлі оқушылары қатысты.
Балалар таяқшамен жүгіру, арқан тартыс, доп лақтыру, шарды жару сынды түрлі эстафеталық ойындарға аса қызығушылықпен қатысып, әр сайыста өз шеберліктерін көрсетті. Шара жоғары көңіл күйде және достық атмосферада өтті.
Спорттық бөлімнен кейін кішкентай қонақтарға мерекелік дастарханнан дәм тату ұсынылып, жағымды тосынсый ретінде кинотеатрға бару ұйымдастырылды. Бұл сәт балалардың ерекше қуанышын тудырды.
Мерекелік шара барысында Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Сарсебаев пен “Динамо” ДШСҚ төрағасының орынбасары Арыстан Төлепбергенов балаларды алдағы мерекелерімен құттықтап, оларға жарқын болашақ, амандық пен табыс тіледі.
Шара соңында полицейлер мен “Динамо” ДШСҚ өкілдері қатысқан оқушылардың барлығына арнайы бас киімдер мен футболкалар, тәттілер тарту етті.