Ақтөбеде полиция жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты білім ұйымдарымен бірге талқылады
Ақтөбе қаласында өңірдегі барлық колледж басшыларының қатысуымен "Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу" тақырыбында кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов пен облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева қатысты.
Шарада кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыстар, олардың бос уақытын тегін, әрі тиімді ұйымдастыру, құқық бұзушылық жасауға бейім жасөспірімдерді тәрбиелеу, жастар тәрбиесінде "оқу орны - полиция - ата-ана" тандемінің рөлі сынды өзекті мәселелер көтерілді.
Қазіргі уақытта облыста 40 колледж бар. Қаңтар айында облыста кәмелетке толмағандармен 9 қылмыс жасалса, олардың бесеуі колледж студенттері.
А.Саймағамбетов колледж басшылығының полициямен жедел ақпарат алмасуын күшейту, профилактикалық жұмыстардың тиімді алгоритмін қалыптастыру, жасөспірім құқық бұзушыларға қатаң ықпал ету шараларын қолдану тәжірибесін жетілдіру, бұзушылықтар жасауға бейімдерді бірлесіп анықтау, өзге өңірлерден келіп, жалдамалы пәтерлерде тұратын студенттердің ақша табу мақсатында қылмыстарға баруы сынды түйткілді мәселелерді қозғады.
Білім беру ұйымдарының басшылары кәмелетке толмағандарды есепке қою, әкімдік жанындағы комиссияға жіберу, жастар тәрбиесіне ата-ананың қатысуы, мектеп инспекторларын көбейту т.б. қатысты ұсыныстарын айтып, өзара іс-қимылға әрдайым дайын екенін жеткізді.