Ақтөбеде полиция жастармен кездесу өткізді
Ақтөбеде полиция жастармен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Солнечный” демалыс базасында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының бастығы Әсет Калиевтің қаладағы белсенді студент жастарымен кездесуі өтті.
Іс-шараға сондай-ақ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері, облыстық және қалалық прокуратура өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты — қазіргі жастарды алаңдататын өзекті мәселелерді ашық талқылау болды. Диалог барысында буллинг (қудалау), интернет-алаяқтық және тыйым салынған есірткі заттарының таралуы мен қолданылуы маңызды тақырыптар қозғалды.
— Еліміздің болашағы – білімді, тәрбиелі және саналы жастардың қолында.
Қазіргі таңда жастар арасында синтетикалық есірткілерді тұтыну көбейіп келеді. Бұл – ұлт денсаулығына төнген үлкен қауіп. Есірткі – жастардың болашағына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі, – деді Әсет Жайлауұлы.
Кездесу барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алып, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныстар білдірді.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері көрермендерге арнайы жауынгерлік тәсілдер мен тактикалық элементтерден тұратын әсерлі көрсетілім ұсынды.
Олардың кәсіби дайындығы мен шапшаң қимылдары қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, полиция органдарына деген сенімді нығайтуға және өзара серіктестік байланыстарды дамытуға зор үлес қосады.