Ақтөбеде ҚАЖ департаменті мен сала ардагерлері волейболдан турнир өткізді
Ақтөбеде ҚАЖ департаменті және сала ардагерлері Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында волейболдан турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясына 30 жыл толуына орай Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және сала ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ҚАЖ қызметкерлері және ішкі істер орандарының ардагерлері арасында волейболдан ашық турнир өтті.
Турнирге Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті және департаментке қарасты КА-168/1, КА- 168/2, КА-168/3 мекемелері, Ақтөбе облысының ҚАЖД және Полиция департаментінің сала ардагерлері, сондай-ақ азаматтық құрама командасы мен ҚАЖ саласындағы қызметкер қыздардан құралған барлығы 7 команда қатысты.
Турнирді салтанатты түрде ашқан Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Илюпов жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі. Бұдан кейін сөз алған турнирдің құрметті қонағы – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Әлем чемпионы Галиб Джафаров, облыстың Полиция ардагерлер қоғамының төрағасы Ғалым Даулеталин, Ақтөбе Заң институтының ардагерлер қоғамының төрағасы Валери Сюняков және Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақыткерей Баймағамбетов барлық сайысқа қатысушыларды алдағы кәсіби төл мерекемен құттықтады.
– Волейболдан өткен облысаралық турнирдің мақсаты – Қылмыстық-атқару жүйесінің оң имиджін қалыптастыра отырып, ҚАЖ қызметкерлерінің біліктілігі мен спорттық шеберлігін арттыру және спорт арқылы батылдық пен дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Жалпы, Ақтөбе облысының Қылмыстық-атқару жүйесі саласы облыс және республика бойынша өтетін барлық спорттық іс- шараларды ұйымдастыруда және өткізуде құрметке ие болып келетін құқық саласының бірі. Яғни, бұл дегеніміз – құқық қорғау қызметкерлері мен халық арасында тығыз байланысты айқындайды. Осы орайда спортқа бет бұрған ҚАЖ саласына көңілі толған: бұрын құқық саласында қызмет етіп, қазіргі таңда құрылыс саласында кәсіпкері Ұлыбек Дуисеев өз атынан қаржылай көмек көрсетіп, іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсетті. ҚАЖ қызметкерлерінің спортпен айналысуына қолдау көрсетіп, жақсы үлгі болып жүрген осындай азаматтарымызға алғысымызды білдіреміз, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақыткерей Баймағамбетов.
Тартысқа толы өткен ойынның қорытындысымен бірінші орынды азаматтық құрама командасы, екінші орынды Ақтөбе қаласының Полиция департаментінің сала ардагерлері, үшінші орынды ҚАЖД командасы жеңіп алды.
Ойынға қатысуда белсенділік танытқан барлық қатысушылар Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығы атынан алғыс хаттармен, сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан кубоктармен, сыйлықтармен марапатталды.