Ақтөбеде қоныс колониясындағы сотталғандар медициналық тексерістен өтті
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №9 мекемесіндегі жазасын өтеуші сотталғандар медициналық тексерістен өтті. Қоныс колониясындағы сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді мақсат еткен профилактикалық іс-шара облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен іске асты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске сала кетсек, “Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 19 шілдедегі №622 Жарлығына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтар айынан бастап, Ақтөбе қаласындағы түзеу мекемелерін медициналық қамтамасыз ету белгілі бір қалалық емханалардың қарамағына өткен болатын. Осы орайда №1 қалалық емханасының маман дәрігерлері №9 мекемесіндегі сотталғандарды профилактикалық медициналық тексеріп, скринингтік тексеруді жүзеге асырды.
Медициналық тексеру кезінде дәрігер-терапевт, дәрігер эндокринолог, дәрігер-хирург операция жасаушы, дәрігер-невропатолог, дәрігер-отоларинголог, ревматолог, окулист, кардиолог, проктолог-уролог, дәрігер-дерматовенеролог, дәрігер-фтизиатр мамандар функционалдық диагностика және ультрадыбыстық зерттеу (ЭКГ аппарат, іш қуысы органдарының УДЗ) арқылы сотталғандарға профилактикалық медициналық тексерістер жүргізді.
– Еліміздің қымбат қазынасы – адам. Ал денсаулық адамның бірінші байлығы. Осы орайда түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші сотталғандардың денсаулықтарына аса зор мән беріледі. Осы ретте қазіргі таңда №9 мекеме әкімшілігі мен №1 қалалық емхана мамандары өзара тығыз баланыстығы жұмыстарының нәтижелі қорытындысын көрсетіп келеді, – дейді №1 қалалық емханасының МКҚК филиалы бойынша №9 мекемесінің медицина қызметкері Марал Мысырова.