Ақтөбеде қорқор шегуге жол берген көңіл көтеру орындары жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында өтіп жатқан республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полицейлер халық денсаулығына кері әсерін тигізетін бұзушылықтарға, оның ішінде қоғамдық орындарда шылым шегу, қорқор шегу деректеріне қарсы күресті күшейтті.
Шара басталғалы учаскелік полиция инспекторлары тыйым салынған орындарда яғни көпқабатты үйлердің дәлізінде, мектеп, балабақшалар аумағында шылым шеккені үшін 368 құқық бұзушыны жауапқа тартты. Рейдтік шаралар барысында көңіл көтеру орындарында қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынғаны үшін 153 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, бұл үшін арнайы айқындалмаған орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қорқор тұтынған адамдарға шаралар қолданбағаны үшін 61 көңіл көтеру орындарының иелері жауапқа тартылды. Олардың қатарында осындай бұзушылықққа 2-ден 8 ретке дейін жол берген кафелер, лаундж барлар, караоке клубтар мен түнгі клубтар бар.
Аталған құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу мен жою мақсатында учаскелік полиция инспекторлары жеке және заңды тұлғаларға қатысты 200-ден астам ұсыныс енгізді.
Полиция ескертеді заңмен тыйым салынған орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қорқорды тұтыну заңға сәйкес жауапкершілікке алып келеді.