Ақтөбеде қылмыс саны 47 процентке азайды
Ақтөбе облысында былтырға қарағанда ТЖ режимі енгізілген уақытта қылмыс пен тәртіп бұзу дерегі 47,7%-ке төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында Құқық қорғау органдарының жедел-алдын алу іс-шараларының арқасында қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалады.
Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар саны 25% – ға азайды, орташа ауырлықтағы қылмыстар саны 2,7 есеге, ауыр емес қылмыстар 2,3 есеге азайды. Тонау 3,3 есеге, бұзақылық – 30% – ға, бөтен мүлікті ұрлау – 2,6 есеге, пәтер ұрлығы-2,4 есеге және мал ұрлығы 13 есеге азайды.
Жалпы қоғамдық орындарда қылмыс 44 % төмендеді, жасөспірімдердің қылмысы 31,6% төмендеді.
Осының барлығы ТЖ жағдайында уәкілетті органдар қабылдаған алдын алу шараларының нәтижелілігін куәландырады. Ақтөбе облысының Полиция департаменті 16 наурыздан бастап қызмет атқарудың ерекше тәртібіне көшті. Облыста құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық орындарда және көшелерде патрульдеу күшейтілді. Полицияның кешенді күштері жасақтарының тығыздығы артты. Карантиндік, жұқпалы объектілерді қорғау үшін патрульдік нарядтар қойылды.