Ақтөбеде қырағы азаматтың арқасында ұрлық жасаған күдіктінің ісі әшкере болды
Ақтөбеде қырағы азаматтың арқасында ұрлық жасаған күдіктінің ісі әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қазанда 56 жастағы азамат Ақтөбе қаласы Кірпішті ауылында орналасқан жер үйлердің бірінің гаражынан мыс сым орамаларын жасырын ұрлаған. Ұрлық оқиғасы сағат шамамен 15.00-15.40 аралығында болған және бұл кезде үй иесі дүкенге кеткен.
Аулада ешкімнің жоқтығын байқаған қаскүнем гараждың есігін жұлқып ашып, ішіне кіріп, салмағы бірнеше келіні құрайтын мыс сым орамаларын өзімен бірге көтеріп алып кеткен. Осы кезде аялдамалардың бірінде автобус күтіп тұрған 33 жастағы азамат матаға оралған белгісіз заттарды көтеріп қашып бара жатқан адамды көріп, күдіктеніп артынан ерген. Күдікті адам металл қабылдау пунктіне жақындаған кезде қырағы азамат дереу полицияға хабарласқан.
Осылайша, бөтеннің қайғысына бейжай қарамайтын қала тұрғынының арқасында бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы бірден ашылып, ұрланған заттар тәркіленді. Үй иесінің мыс сымдарды өңдеумен айналысқан жеке кәсіпкер екендігі белгілі болды.
Ұрлық дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Қобда ауданының тұрғыны болып шықты, ол жасаған қылмысын мойындады. Тергеу жүргізіліп жатыр.