Ақтөбеде сауда үйінен жейде ұрлаған күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалды
Ақтөбеде сауда үйінен жейде ұрлаған күдікті бейнебақылау камерасына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде сауда үйінен ұрлық жасады деген күдікпен 40 жастағы әйелді ұстады.
Сауда орталығының қызметкері полицияға бутиктен белгісіз адам жейде ұрлап кеткені туралы арызданды. Тергеу барысында күдіктінің клиент ретінде сауда залына кіріп, тауарды қарай бастағаны анықталды. Сатушының назары басқа жақта болғанын пайдаланып, жейдені ілгіштен алып, бутиктен кетіп қалған. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, әйелдің осыған ұқсас тағы үш ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді.