Ақтөбеде сотталған азаматтардың жеке бизнес концепциясын қалыптастыруға бағытталған семинар-тренинг өтті
Ақтөбеде сотталған азаматтардың жеке бизнес концепциясын қалыптастыруға бағытталған семинар-тренинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық- атқару жүйесі департаменті қалалық кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін «Жеке бизнес концепциясын қалыптастыру арқылы әлеуметтік бейімдеу» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Аталған семинар-тренинг бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметтерінің есебінде тұрған азаматтардың қоғамға толыққанды мүше болу үшін бейімделумен қатар, оқыту және өз ісін ашу арқылы оларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін мүмкіндіктер жасауға көмектесу мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар-тренинг жұмысына спикерлер ретінде «Ақтөбе қаласының мансап орталығы» КММ, «Даму» КДҚ» АҚ, «Аграрлық-несие корпорациясы» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ филиалдарының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Оқытуды өткізу үшін Алматы қаласынан арнайы шақырылған білікті бизнес-тренер Ербол Шыма, оның нысаналы оқыту тобы бизнесті бастауды жоспарлап отырған немесе өз қаражатын, жоспарлау білімін, іскерлігі мен дағдыларын игеруге ниет білдірген азаматтарға арналатынын айтып өтті.
Кездесу барысында қазіргі жағдайда бизнесті ұйымдастыру мен жүргізуге қатысты көптеген мәселе қозғалды. Атап айтқанда, тындаушыларды қайтарымсыз грант алу, несие алу, жұмысқа орналасу және басқа да көптеген мәселелер қызықтырды. Жоғарыда аталған ұйымдардың өкілдері қатысушыларға несие ала алатындарға қойылатын критерийлер, белгілі бір мақсаттарға арналған несие бағдарламалары, несие алу үшін қажетті құжаттар, сондай-ақ несиелер бойынша қайтару мерзімдері мен пайыздық мөлшерлемелер туралы түсіндірді.
Қатысушылар өз бизнестерін бастаған жағдайда бұл отбасыны асырау үшін негізгі кірістердің бірі болатындықтан, семинар тақырыбына шынайы қызығушылық танытты. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.