Ақтөбеде тағы бір "Жас сақшы" сыныбы ашылды
Ақтөбеде тағы бір "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласында жас ұрпақты құқықтық тәрбиелеуге бағытталған республикалық жоба аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бастама шеңберінде Ілияс Есенберлин атындағы №15 орта мектепте кезекті "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шара барысында 8-сыныптың 19 оқушысы салтанатты жағдайда ант қабылдап, Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеуге, тәртіп пен жауапкершілікті сақтауға, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуға белсенді атсалысуға серт берді.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің өкілдері, мектеп басшылығы, ұстаздар мен оқушылардың ата-аналары қатысты. Жиында полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, "Жас сақшы" жобасының жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, патриоттық рухты нығайтуда және полиция мамандығына деген құрметті тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті.
- Бүгін сіздер қоғамға қызмет етудің алғашқы саналы қадамын жасап отырсыздар. "Жас сақшы" болу - өз қатарластарыңа үлгі болу, заңды құрметтеу және әділдікке ұмтылу, — деді ол.
Оқу үдерісі барысында "Жас сақшы" сыныбының оқушылары құқық негіздерін, жол қозғалысы ережелерін, саптық және дене даярлығының бастапқы дағдыларын меңгеріп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық және патриоттық іс-шараларға қатысатын болады.
Мектеп басшылығы жобаның оқушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыруға, азаматтық белсенділігін қалыптастыруға оң ықпал ететініне, сондай-ақ кейбір оқушылар үшін болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге алғашқы қадам болатынына сенім білдірді.
Айта кету керек, "Жас сақшы" жобасы өңірде табысты жүзеге асырылып, заңға бағынатын, белсенді әрі әлеуметтік жауапты азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған.
