Ақтөбеде танымал спортшы полицейлер жас сақшылармен кездесті
Ақтөбеде танымал спортшы полицейлер жас сақшылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы жасақ жауынгерлеріне қызығып қарайтын жастардың қатары көп екені белгілі. Ал олар танымал спортшылар болса – бұл қызығушылық екі есе артады. Жуырда Ақтөбе қаласындағы №13 мектепте Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы жасағының жауынгерлері – панкратионнан және қоян-қолтық ұрыстан әлемнің 2 дүркін чемпионы Айдын Төлепбаев, самбодан әлем чемпионы Есет Қуанов, жекпе-жектен 2 дүркін әлем чемпионы Мирас Ұлықпанов, гір спортынан әлем чемпионатының жүлдегері Дамир Бахтыбаев және жауынгерлік самбодан Азия чемпионатының жүлдегері Александр Борисов оқушылармен кездесіп, тәжірибе бөлісті.
Еркін форматтағы жүздесуге жоғары сынып оқушыларымен қатар, жас сақшылар да қатысты. Әсерлі кездесу барысында палуан полицейлер балаларға өздерінің жетістікке жету жолдары, спорттың маңызы, қызметтерінің қыр-сыры, арман-мақсаттары туралы айтып берді.
Ел тыныштығын күзетумен қатар, оның спорттық намысын да биіктетіп жүрген сақшыларды оқушылар ерекше ықыласпен тыңдап, өздерінің көкейкесті сұрақтарын аса қызығушылықпен қойды. Балалардың ішінде болашақ спортшылар да, сақшылар да байқалды. Кездесуден кейін балалардың өтініші бойынша спортшы-полицейлер оқушылармен бірге жаттығып, оларға жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, спорттан шеберлік сағаттарын өткізді.