Ақтөбеде телефон алаяқтығына қатысы бар дроппер ұсталды
Ақтөбеде телефон алаяқтығына қатысы бар дроппер ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласында полицейлер қарт адамдарды алдауға бағытталған алаяқтық схемаларға қатысы бар деген күдікпен көршілес облыстың 26 жастағы тұрғынын ұстады.
Оқиға жаз мезгілінің ортасында болған. Белгісіз біреу егде жастағы әйелге қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің қызы жол-көлік оқиғасына тап болғанын айтып, мәселені шешу үшін қомақты қаржы қажет екенін жеткізген. Телефон арқылы сөйлескен кезде алаяқ әйелдің қызының даусына ұқсатып сөйлеген адамның сөздерін естіп, шын мәнінде қызы екен деп сеніп қалған.
Біраз уақыттан кейін әйелдің үйіне бейтаныс адам келіп, одан 1,5 миллион теңге алып кеткен. Қарт ана бұл ақшаны қызына көмектесемін деген ниетпен берген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол қолға түсті. Тергеу кезінде оның осындай тәсілмен жасалған тағы кемінде үш алаяқтық оқиғаға қатысы бары дәлелденді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ полицейлер күдіктінің өзге де қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Телефон алаяқтары көбіне психологиялық қысым көрсетіп, әсіресе егде жастағы адамдарды алдауға тырысады. Ешбір полиция қызметкері мәселені шешу үшін ақша талап етпейді және бейтаныс адам арқылы қаражат беруге шақырмайды.
Егер cізге осындай күмәнді қоңырау шалынса, сабыр сақтап, туыстарыңызға дереу өзіңіз хабарласуыңыз қажет.