Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде велосипед ұрлауды кәсіпке айналдырған күдікті ұсталды

Ақтөбеде велосипед ұрлауды кәсіпке айналдырған күдікті ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстады. Екі дөңгелекті көліктерді ұрлаудың алдын алу мақсатында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында 47 жастағы ер адам анықталып, қолға түсті.

Тергеу барысында күдіктінің көпқабатты үйлердің аулаларынан бекітілмеген велосипедтерді ұрлап, оларды белгісіз адамдарға сатып жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда оның 6 эпизодқа қатысы бары дәлелденді.

Полиция қызметкерлері ұрланған велосипедтарды тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды.

Полиция ескертеді:

— Велосипедтерді қараусыз және құлыпсыз қалдырмаңыз;

— Мүмкіндігінше арнайы тұрақтарды және күзетілетін орындарды пайдаланыңыз;

— Ұрлық болған жағдайда дереу полиция бөліміне хабарласыңыз.

Иеліктегі мүлікке қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру