Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде заңсыз алкоголь сатқан кәсіпкерлер анықталды

Ақтөбеде заңсыз алкоголь сатқан кәсіпкерлер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алкоголь өнімдерін заңсыз сату – бұл тек қана әкімшілік құқық бұзушылық емес, сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекет.

Ақтөбе облысында өтіп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері заңсыз алкоголь саудасына қарсы рейдтік шараларды күшейтті. Бақылаудың негізгі нысандары – көңіл көтеру орындары мен бөлшек сауда нүктелері.

Іс-шара басталғалы бері құқық қорғау органдары алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сату және белгіленбеген уақытта өткізу бойынша 400-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Бұл заң бұзушылықтар 27 алкомаркет, 334 дүкен және 8 дәмхана тарапынан болған.

Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыларға салынған жалпы айыппұл көлемі 38,5 миллион теңгеден асты.

Сонымен қатар, тиісті лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқан 149 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 3000-ға жуық алкогольдік ішімдік тәркіленді. Бұл өнімдер 16 кафе, 8 алкомаркет және 89 дүкеннен алынды.

Мысалы 15 қазан күні Ақтөбе қаласында учаскелік полиция инспекторлары алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан үш караоке-клубты анықтады. Әр нысаннан 100-ден астам бөтелке алкоголь өнімі тәркіленіп, іс материалдары сотқа жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру