Ақтөбеде жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
Ақтөбеде жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтарда сағат түнгі 03:00-де Сәңкібай батыр даңғылындағы жанармай құю станциясына белгісіз екі адам баса көктеп кірген. Олар операторды балғамен ұрып, кассирді пышақпен қорқытып, кассадан 100 мың теңгеден астам ақша мен ұялы телефонды ұрлап, өздерімен бірге бірнеше қорап темекі алып, белгісіз бағытта қашып кеткен.
Ақтөбе облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында екі күдікті анықталып, ұсталды. Күдіктілерден ұрланған заттар тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабының 2-бөлігімен (Қарақшылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ұсталғандар ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес тергеу изоляторына қамалды.