Ақтөбеде жария сот отырысы өтті
Ақтөбеде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға қатысты ашық сот өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан осындай шектеулерді бұзғаны үшін жазасын өтеуден шартты түрде босатылған 30 тұлға бас бостандығынан айыру орындарына кері қайтарылды.
Ақтөбе қалалық №2 сотында есепте тұрған тұлғалардың қатысуымен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғаны құқық бұзушылық жасағаны үшін бас бостандығынан айыру мекемесіне кейін қайтару туралы сот процесі өтті.
Бұрын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 4 жылға сотталған Ақтөбе қаласының тұрғыны сот қойған шектеулерді жүйелі түрде бұзған. Ол сот шешімімен нақты мерзімнің қалған бір жыл жеті айын өтеуге кері қайтарылды.
Басты мақсат – есепте тұрған тұлғалармен қайта қылмыс жасамауға, сотпен қойылған шектеулерді бұзбауға шақыру, ал қарама-қайшы жағдай да соңы осындай болатынын назарларына жеткізу.
Облыс аумағында ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғалардың қайтадан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен бұрын сотталғандардың жүріс-тұрысы қатаң бақылауға алынады.
Соның бірі сотпен қойылған шектеулердің сақталуын қадағалау үшін “Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды” және “Әкімшілік қадағалауға қойылғандарды” түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайларынан тексеру.