Ақтөбеде жас полицейлер мен ардагерлердің слеті өтті
Ақтөбеде жас полицейлер мен ардагерлердің слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінде "Менің тәлімгерім – менің мақтанышым" ұранымен жас полицейлер, олардың тәлімгерлері және ішкі істер органдарының ардагерлері бас қосқан салтанатты слет өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби дағдыларын шыңдау, тәжірибе алмасу және адамгершілік тәрбие беру арқылы олардың қызметке бейімделуін қолдау.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Апсеттаров қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, жас қызметкерлердің иығына жүктелген зор жауапкершілік пен тәлімгерлердің бағыт-бағдар беру рөлін ерекше атап өтті.
— Полицияда қызмет ету – адалдық пен төзімділікті талап ететін күрделі жол. Бұл жолда сіздерге тірек болар бірден-бір тұлғалар – ардагерлер мен тәлімгерлер. Мемлекет басшысы ұсынған "Адал адам – адал еңбек – адал табыс" қағидаты әр қызметкердің өмірлік ұстанымына айналуы тиіс, — деді ол.
Кездесу барысында ардагерлер жас буынға қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, өмірден алынған мысалдармен кәсіби кеңестер берді. Тәлімгерлер де өз шәкірттерімен арадағы сенім мен жауапкершілік жайында пікір алмасты.
Слетке ерекше үлес қосқан – қызметке енді кіріссе де, адам өмірін құтқарып үлгерген жас тәртіп сақшылары. Олардың ерлігі мен батылдығы көпшілікке үлгі болып, ата-аналарына Ішкі істер министрінің алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды.
Іс-шара соңында жас полицейлерге алғашқы қызметтік куәліктері табысталып, бұл сәт олардың өміріндегі ерекше әрі жауапты белестің бастауы ретінде есте қалды.