Ақтөбеде жеке үйлерден ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Ақтөбеде жеке үйлерден ұрлық жасаған күдікті ұсталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын ашуға бағытталған жедел іс-шаралар өткізу барысында бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен облыс тұрғынын ұстады. Ұсталған адам жыл басынан бері жеке үйлерден 8 ұрлық жасағаны анықталды.
Барлық ұрлықтар күндізгі уақытта пластикалық терезелерді итеріп ашу арқылы жасалған. Ұрының олжасы - алтын бұйымдар, ақша және күзен тондар болған.
Мысалы, 7 наурызда ер адам терезені ашу арқылы үйге кіріп, алтын алқа, 3 алтын сақина, алтын жалатылған сағат және 100.000 теңге сомасында ақша қаражатын ұрлап кеткен. Шығын 700 мың теңгеден асты.
Күдікті жасаған қылмысын мойындады, заттай айғақтар ішінара тәркіленді. 29 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында күзет дабылы жүйесін орнатуды ұсынады.