Ақтөбеде жолда жүргізушілерге бес тілде үндеу жасалуда
Ақтөбеде апаттық қауіпті жолда жүргізушілерге бес тілде үндеу жасалуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында полиция Самара – Шымкент республикалық маңызы бар автожолында жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстарды жан-жақты жүргізіп жатыр. Әсіресе алыс жолға шығатын, ауыр жүк көліктерін басқаратын жүргізушілер арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары күшейтілді.
Полиция қызметкерлері Самара - Шымкент жолының ең қауіпті учаскелеріне жақын орналасқан жанар-жағармай бекеттерінде, кемпингтер мен тұрақ орындарында дыбыс күшейткіш құрылғылар арқылы жүргізушілерге үндеу жасап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды бірнеше рет ескертіп жатыр. Хабарламада биыл осы жолда тіркелген жол апаттары мен қаза болғандардың саны туралы да ақпарат беріледі.
- Өкінішке қарай, ауыр салдарлы апаттар шетелдік жүргізушілердің қатысуымен де орын алуда. Халықаралық бағыттармен жүретін көліктердің көптігін ескеріп, үндеу қазақ, орыс, өзбек, қырғыз және тәжік тілдерінде әзірленді. Мақсатымыз — жүргізушілердің назарын жол қауіпсіздігіне барынша аудару және ереже бұзушылықтың алдын алу, — дейді Ақтөбе облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген.
Айта кетейік, қыс мезгілінің алғашқы күнінен бастап облыста "Қауіпті жүргізуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
