Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды

Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берумен айналысқан күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе қаласында бірнеше азамат пәтерді жалға алу кезінде алаяқтықтың құрбаны болды. Жәбірленушілердің айтуынша, олар Колеса.kz сайтынан ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтер туралы хабарландыру көріп, алдын ала төлем жасаған. Алайда ақша жіберілгеннен кейін хабарландыру авторы байланысқа шықпай қойған.

Азаматтар алаяқтың әрекетін түсініп, полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 18 жастағы өзге өңір тұрғынын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.

Тергеу барысында күдіктінің жоқ пәтерді жалға беремін деп кемінде бес адамды алдағаны белгілі болды. Ол жәбірленушілерден алған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция тұрғындарға ескертеді:

Ақпаратты тексермей, бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасамаңыз;

Пәтерді жалға аларда оны міндетті түрде өз көзіңізбен көріп, келісімшартқа қол қойыңыз;

Жалға берушінің жеке басын және пәтердің құжаттарын мұқият тексеріңіз.

Тұрғын үйді жалға алу кезінде абай болыңыз – алаяқтар әсіресе көшу және демалыс маусымында белсенді әрекет етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру