Ақтөбедегі қоныс колониясының кітапханасы жаңа әдеби кітаптармен толықты
Ақтөбедегі қоныс колониясының кітапханасы жаңа әдеби кітаптармен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне бағынысты №9 мекемесінің кітапхана қоры жаңа әдеби кітаптармен толықты. Әдеби кітаптарды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қоры тарту етті. Сыйға берілген кітаптардың ішінде қазақтың зиялы тұлғаларының, сондай-ақ шетелдің жазушыларының классикалық шығармалары бар.
Жалпы, кітапхана сөресін толықтырған әдебиеттер №9 мекемесі және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлескен жоспары аясында жүзеге асқан. Сонымен қатар тәрбиелік ықпал ету жұмыстарының бір бағыты ретінде №9 мекемесінде сотталған азаматтардың білім және мәдени деңгейін арттыру қарастырылған. Бұл орайда мекемеде бас бостандығынан айырылған азаматтармен тәрбиелік мәні бар шаралар жүйелі жүргізіледі. Соның бірі – жазасын өтеушілер ішкі күн тәртібіне сәйкес, мекеме кітапханасынан қажетті кітаптарды оқи алады.
– Кітап оқу – адамның ой-өрісін дамытып, болашаққа деген сенімін қалыптастырып, өзін тануға көмектеседі. Аталған іс-шараның мақсаты – мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандардың жаза өтеу мерзімін тиімді пайдалануды ұйымдастыру және жаңа әдеби кітаптарға қол жеткізуін қамтамасыз ету саналады. Осы тұрғыда №9 мекемесінің кітапхана қоры С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорымен бірлесіп, түзеу мекемелеріндегі кітапхана қорын жаңа кітаптармен толықтыру бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады, – дейді №9 мекемесінің тәрбие бөлімі бастығы Арман Панабек.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбедегі №9 мекемесінің кітапхана қорында 2300-ден астам әдеби кітап бар.