Ақтөбелік дзюдошы-полицей Қазақстан чемпионатынан алтын алқа жеңіп алды
Ақтөбелік дзюдошы-полицей Қазақстан чемпионатынан алтын алқа жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12-15 қараша аралығында Астана қаласында дзюдо күресінен өткен Қазақстан чемпионатында Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкері Есет Қуанов үздік шығып, алтыннан алқа тақты.
500-ге жуық спортшының басын қосқан дүбірлі додада 66 келі салмақ дәрежесінде күрескен ақтөбелік дзюдошы-полицей барлық белдесуде қарсыластарынан басым түсіп, жауырыны жерге тиген жоқ.
Чемпионатта Қазақстанның әр аймағынан келген спортшылармен бір күнде 5 белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жеттім. Жарыс алдында дайындық жұмыстарына ерекше ден қоямын. Шүмектеп төгілген тер мен мінез – байрақты бәсекелерде ел намысын қолдан бермеудің кепілі, – дейді 31 жасар чемпион жігіт.
Есет Қуанов – Қазақстан ұлттық құрамасы көшбасшыларының бірі. Самбо және дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Самбодан әлем чемпионы, 3 дүркін Қазақстан чемпионы, әлем кубогының 5 дүркін чемпионы, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері. Сондай-ақ дзюдодан Азия кубогы мен Еуропа кубогының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы.
Спорттық додаларда егемен ел мерейін асқақтатып жүрген атақты ақтөбелік сақшы қазіргі уақытта 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына қызу дайындық үстінде.