Ақтөбелік мас жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды
Ақтөбе облысында жүргізуші куәлігінен айырылған мас күйдегі көлік жүргізушісі ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 2 ақпанында патрульдік полиция қызметкерлері Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан үйдің жанында 31 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «Дэу Нексия» автокөлігін тоқтатты.
Көлік құралын басқару құқығынан айырылған көлік жүргізушісі көлікті мас күйінде басқарған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылған.
Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жазаны көздейді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысының Полиция департаменті азаматтардан алкогольдік және есірткілік мас күйінде көлік жүргізбеуін сұрайды және ескертеді.