Ақтөбелік полицей гір тасын көтеруден әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
21-26 тамыз аралығында Қырғыз Республикасының Чолпон-ата қаласында гір спортынан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа Ақтөбе облысының полицейі қатысып, күміс медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайыста 21 мемлекеттің 600-ге жуық спортшысы бақ сынады. Бұл әлемдік додаға Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкері Дамир Бахтыбаев 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысып, күміс жүлдегер атанды. Спортшы полицей аталған чемпионатта Ресей, Тайланд, Индия елдерінің үздіктерімен бәйгеге түсті.
– Сайысқа жарты жылға жуық дайындалдым. Жеңіске жету – жоғары техника мен дайындықты, шыдамдылықты қажет етеді. Дене дайындығымен қатар, ерік-жігер де маңызды. Әлемдік додаларда Қазақстанның атынан бәйгеге түсу мен жүлдегер болу – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Дамир.
Былтыр дәл осы чемпионатта полиция қызметкері Дамир Бахтыбаев қола жүлдегер атанған болатын. Полицей гір спортымен қатар, қоян-қолтық ұрыстан да Қазақстан турнирлерінің жеңімпазы.