Ақтөбелік полицейлер әлеуметтік желілер арқылы анықталған құқық бұзушылықтармен белсенді күресуде
Ақтөбелік полицейлер әлеуметтік желілер арқылы анықталған құқық бұзушылықтармен белсенді күресіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде азаматтық қоғаммен тығыз байланыста әрекет етеді. Күн сайын полиция бөлімшелерінің әлеуметтік парақшаларына азаматтардан құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар, фото-бейнежазбалар түседі. Тәртіп сақшылары мұндай хабарламаларға бірден ден қойып, қажетті шаралар қабылдайды.
Мысалы, өткен аптаның өзінде ақтөбелік полицейлер азаматтық белсенділік танытқан тұрғындардың және әлеуметтік желілердің көмегімен анықталған 70-тен астам құқық бұзушылықтар бойынша шара қабылдады.
Азаматтардан әлеуметтік желілер арқылы көбіне, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар, қоршаған ортаны пайдалану ережелерін бұзғандар, оның ішінде талдарды заңсыз кесу, ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды тастау түріндегі бұзушылықтарға қатысты хабарламалар түседі.
Мысалы, 3 тамызда полиция бөліміне қала тұрғынынан Ақтөбе қаласы Әуе қалашығы ауданында орналасқан көпқабатты үй ауласындағы қоқыс жәшігіне ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастау дерегі туралы хабарлама түсті. Қала тазалығына бейжай қарамай, азаматтық белсенділік танытқан азаматшаның арқасында полиция қызметкерлері бұл бұзушылыққа уақытылы ден қойып, құқық бұзушыны анықтап, ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.