Ақтөбелік полицейлер автокөлік бөлшектерінің ұрлығын ашты
Ақтөбелік полицейлер автокөлік бөлшектерінің ұрлығын ашты. Бұл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Автомобильдердің каталитикалық бейтараптандырғыштарының ұрлығы соңғы кезде ел ішінде көбейіп кетті. Бұл қылмыс түрі Еуроодақ пен АҚШ елдерінде індетке айналған. Ақтөбе полиция басқармасы алғаш рет құнды көлік бөлшектерін ұрлау туралы арызды қабылдады.
Бірден жеті жол талғамайтын көліктің иелері полицияға жүгінген. Олар автомобиль қозғалтқышын іске қосып, дабылқаққыштың жұмыс істемей тұрғанын байқап, катализатордың жоқ екенін анықтаған.
– Ақтөбе қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел іс-шараларды кешенді жүргізу барысында «Land Cruiser Prado» автокөлігінен кезекті катализатор ұрланғаннан кейін Есет батыр көшесінің ауласында екі адамды ұстады. Ұсталғандардың жеті автокөлік катализаторларын ұрлағаны анықталды, – деді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Саркұлов.
Катализатордың ішінде қымбат металдар бар – алтын, палладий, платина, иридий және басқалары. Олардың әлемдік нарықтағы бағалары соңғы жылдары шарықтап кеткен болатын. Пандемия кезінде инвесторлар қымбат металдарға қаржы сала бастады. Катализаторды көлікті ашпай ұрлауға болады. Ол үшін арнайы құралдар немесе арнайы білім қажет емес. Аталмыш іске қатысы бар күдікті автомобиль бөлшегін шешіп алып, техникалық қызмет көрсету станциясына келіп, аздаған ақша беріп, катализаторды ажыратып алып отырған.
Полиция бөлшектерді техникалық қызмет көрсету станциясына алып келіп отырған адамды да ұстады. Күдіктінің айтуынша, ол катализаторларды металл сынықтарын қабылдау пункттеріне өткізген.
Қымбат металдың құймасын жинау үшін жүздеген катализаторларды балқыту керек. Оларды қосалқы бөлшектерді сату орындарына да өткізіп жатады, себебі бұл бөлшек арзан тұрмайды. Оның автомобильде болуы міндетті. Тәртіп сақшылары мұндай ұрлықтардың азаюы мүмкін емес екенін ескертіп, автокөлік иелеріне өз машиналарын тек күзетілетін тұраққа қоюды ұсынады.