Ақтөбелік полицейлер кәсіби мерекелерін атап өтті
Ақтөбелік полицейлер кәсіби мерекелерін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгін Ақтөбе облысы Полиция департаментінде Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, ҚАЖД Мамандандырылған күзет қызметі, ЖІІБ және М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының басшылығы мен ПД жеке құрамы қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, Полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов, ІІО ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары қаза тапқан ІІО қызметкерлері мен ҰҰ әскери қызметшілерінің монументіне гүл шоқтарын қойды.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов құттықтау сөз сөйледі.
– Полицияда қызмет ету – әрбір азамат үшін үлкен құрмет. Сіз өз міндеттеріңізді мүлтіксіз орындап жүрсіз, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етесіз. Сіздердің адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға зор алғысымды білдіргім келеді, – деді ол.
Ақтөбе облысы ПД бастығы Абай Жусупов ІІО ардагерлерін, Ұлттық ұлан қызметкерлерін және жеке құрамды Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтады. ІІО-ның жеке құрамы мен ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, қызметкерлерге жүктелген міндеттерді адал атқаруда және құқықтық тәртіпті нығайту жолында жауапты міндеттерді шешуде табыс тіледі.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен 29 қызметкер марапатталды, оның ішінде 4 қызметкер мерзімінен бұрын атаққа ие болса, 4 қызметкер бір саты жоғары атақ алды, 4 қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 4 қызметкер бірінші дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстарына ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры материалдық көмек көрсетті.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шараға жас полиция қызметкерлердің ата-аналары да шақырылды, оларға ПД бастығы атынан қызметтегі жетістіктері үшін алғыс хаттар табыс етілді.