Ақтөбеде «Мал ұрлығы» іс-шарасы нәтижесінде 11 істің беті ашылды
Ақтөбе облысында өткен жедел алдын алу іс-шарасы нәтижесінде мал ұрлығына қатысты 12 адам, 2 қылмыстық топ ұсталып, 13 адам есепке алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысының аумағында 2020 жылдың 24-28 ақпан аралығында заңсыз сатып алу, өткізу, сою, мал және ет өнімдерін тасымалдаумен айналысатын тұлғаларды анықтауға және есепке қоюға, сондай-ақ бұрын жасалған мал ұрлығын ашуға және оларға қатысы бар тұлғаларды ұстауға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 11 мал ұрлығы фактісі ашылды, оның ішінде 8-і өткен жылғы, 2-і бұрын жасалған және 1-і кезекші тәулікте ашылған қылмыс.
Мысалы, Шалқар ауданында екі жыл бұрын орын алған түйе ұрлығы ашылды. 2018 жылы еркін жайылымнан түйе ұрланған еді. Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Жедел алдын алу іс-шарасы аясында 106 автокөлік, 50 ет өнімдерін сату орны және 135 шаруа қожалығы тексерілді. Мал және ет өнімдерін тасымалдау кезіндегі құқық бұзушылықтар анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша жалпы 30 хаттама толтырылып, ветеринарлық қызметке жіберілді.
Мал ұрлығына қатысты 12 адам, 2 қылмыстық топ ұсталып, 13 адам есепке алынды.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері ауыл шаруашылығы жануарларын жергілікті атқарушы органдар құрған арнайы қораларға орналастыру бойынша 5 дерек бар.