Ақтөбелік учаскелік инспектор 3 бірдей төсбелгімен марапатталды
Ақтөбелік учаскелік инспектор 3 бірдей төсбелгімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел бірлігі мен дамуына үлес қосып, халық алғысын арқалап жүрген Ақтөбенің №2 қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Дастан Сұлтанғалиев жуырда «Ел жанашыры», «Қазақстан патриоты», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды.
Азаматтық қоғаммен ұсынылған бұл лайықты марапаттар полицейге Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында табысталды.
Полиция қызметкері Дастан Данашұлының азаматтық қасиеттері мен қызметіне адалдығы халық арасында кеңінен тараған. Ержүрек полицей бірде өртке оранған 9-қабатты үйге қойып кетіп, адамдарды тілсіз жаудан аман алып шықса, енді бірде 8-қабаттан секіру арқылы өзіне өзі қол жұмсағалы тұрған 4 баланың анасын жанкештілікпен құтқарып қалған.
2020 жылы учаскелік инспектор Дастан Сұлтанғалиев отбасындағы жанжалдан кейін баратын жері мен қаражаты болмаған, әрі пандемияға байланысты Шымкентке қайта алмаған ана мен баланы екі аптадан аса уақыт уақытша баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, әрі қарай Шымкентке шығарып салған.
Сонымен қатар, осы жылдың қыс айында немересі үйінен қуып шығып, баратын жері болмаған 80 жастағы қарт ананы өзі көпбалалы отбасымен тұрып жатқан 1 бөлмелі пәтерінде бірнеше ай бойы паналатып, қамқорлығына алған, сондай-ақ, өткен жылдың қыс айында үйі өртеніп далада қалған көпбалалы отбасын да уақытша баспана тауып орналастырған.
– Халықпен жұмыс жасаған өзіме қатты ұнайды. Барлық адамдар бір-біріне көмектессе, батыл, әрі мейірімді болса, қиындыққа тап болғандарға қол ұшын созса, әркім өз ісімен сүйіп айналысса деймін. Өз балаларымды да соған тәрбиелеуге тырысудамын, – дейді үздік учаскелік полиция инспекторы, 5 баланың әкесі Д.Сұлтанғалиев.