Ақтөбеліктің басқаруындағы Тоyota Camry автокөлігінен 33 орама есірткі табылды
Ақтөбеліктің басқаруындағы Тоyota Camry автокөлігінен 33 орама есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 мамыр күні Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Әбілқайыр хан даңғылы бойында 44 жастағы ақтөбеліктің басқаруындағы Тоyota Camry автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында автокөліктен өсімдік тектес заттары бар 33 полиэтилен орамасы салынған пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы шамамен 1,5 кг марихуана есірткі заты болып табылады.
Бұдан әрі, «Бруно» атты қызметтік-іздестіру ит көмегімен жалдамалы пәтерде тінту жүргізу барысында ішінде ерекше иісі бар, салмағы бес келіден асатын марихуана есірткі заты бар 84 полиэтилен түйіншегі оралған сөмке табылды. Алынған есірткі заттарының жалпы салмағыалты келіден астам 800 граммды құрады, бұл шамамен жеті мыңнан астам бір реттік доза 4,5 млн теңге сомасын құрайды.
Аталған факті негізінде ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
– Алдын алу шараларын жүргізу қажет. Нашақорлықтың алдын алу – құқық қорғау, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру органдары жұмысының бір бөлігі. Жыл сайын облыста полицейлердің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіледі, – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.