Ақтөбе әуежайында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған азамат жауапқа тартылды
Ақтөбе қаласының әуежайында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған азамат жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 53 жастағы қала тұрғынын анықтап, ұстады. Азамат жолаушыларды шығарып салу кезінде алкогольдік масаң күйде болып, айналасындағыларға балағат сөздер айтып, қоғамдық тыныштықты бұзған.
Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов мәлімдеді. Оның айтуынша, құқық бұзушыны әкімшілік хаттама толтыру үшін полиция бөлмесіне жеткізу барысында ол тәртіп сақшыларының заңды талаптарына қасақана бағынбай, қарсылық көрсетіп, жағдайды одан әрі ушықтырған.
- Құқық бұзушы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бірдей бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда: қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу немесе масаң күйде болу; ұсақ бұзақылық жасау; сондай-ақ құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, – деді Құрмет Мәжікенов.
Сот шешімімен құқық бұзушыға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Көліктегі полиция департаменті әуежайдың қоғамдық маңызы жоғары, қауіпсіздік талаптары ерекше қатаң нысан екенін ескертеді. Мұндай орындарда қоғамдық тәртіпті бұзу, балағат сөздер айту және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау заң аясында қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.
